Комитет туралы

Жалпы ережелер

  1. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті (бұдан әрі - Комитет) мемлекеттік орган және Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен, өзге де нормативтік құқықтық актілерімен және осы Ережемен жүктелген Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің (бұдан әрі - Министрлік) құзыреті шегінде агроөнеркәсіптік кешен саласындағы реттеушілік, іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын өсімдіктерді қорғау және олардың карантині, астық нарығын реттеу, асыл тұқымды мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы бөлігінде жүзеге асыратын, сондай-ақ өсімдіктерді қорғау және олардың карантині саласында (бұдан әрі - реттелетін сала) стратегиялық функцияларды орындауда қатысатын ведомство болып табылады.
  2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
  3. Комитет Министрлікке ведомстволық бағынысты, мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысандағы заңды тұлғасы болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы жазылған мөрлері мен мөртабаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
  4. Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
  5. Егер Комитетке Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген болса, ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болады.
  6. Комитет өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Комитет төрағасының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
  7. Комитеттің құрылымын, штат санын Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі (бұдан әрі - Министр) келіскеннен кейін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жауапты хатшысы (бұдан әрі - Жауапты хатшы) бекітеді.
  8. Комитеттің заңды мекенжайы: 010000, Астана қаласы, Сарыарқа ауданы, Кенесары көшесі, 36-үй.
  9. Комитеттің толық атауы - "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі.
  10. Комитеттің осы Ережеге 1 және 2-қосымшаға сәйкес Комитеттің облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы, қалалар мен аудандардағы аумақтық бөлімшелері, оның ішінде фитосанитариялық бақылау бекеттері, сондай-ақ ведомстволық бағынысты ұйымдары бар.
  11. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.
  12. Комитет қызметін қаржыландыру республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады.
  13. Комитет Комитеттің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан кәсіпкерлік субъектілермен шарттық қатынастарға түспейді.
  14. Егер заңнамалық актілерде Комитетке кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда мұндай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджет кірісіне жіберіледі.
Марс Алмабек Марсович
Төрағаның м.а.
Қоғамдық қабылдау