Қытайда қазақстандық бидайға сұраныс өсуде
05 тамыз 2019
          Қытайда қазақстандық бидайға сұраныс өсуде

   2019 жылдың 3 тамызында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров ірі қытайлық «COFCO International» компаниясының өкілі Сунь Дэляньмен кездесті. Кездесу барысында тараптар Қытай Халық Республикасына қазақстандық өнімдерді (астық, майлы, жем-шөптік) жеткізу мәселелерін талқылады.
   Айта кету керек, «COFCO» компаниялар тобына келесі бағыттар бойынша жұмыс істейтін 18 халықаралық компания кіреді:
   - ауыл шаруашылығы өнімдерін сату;
   - ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу (майлы өңдеу бойынша ғана 23 млн.тонна қуаттылықтары бар.);
   - қаржылық қызметтер, сақтандыру, банктік операциялар;
   - коммерциялық және мемлекеттік ғимараттардың құрылысын қоса алғанда, жылжымайтын мүлік.

   «COFCO» компаниясының агроөнім саудасының жыл сайынғы айналымы 150 млн.тоннаны құрайды. Компанияның активтері 13 млрд. АҚШ долларын (активтердің 60% Бразилияда, Аргентинада және т.б.) құрайды. Компанияда 100 мың қызметкер жұмыс істейді,оның ішінде 12 мың қызметкер әлемнің 35 елінде орналасқан компанияның халықаралық филиалдарында жұмыс істейді.
   «COFCO» компаниясы жаңа стратегияға сәйкес ҚХР халқын ғана емес, әлемнің басқа да елдерін азық-түлікпен қамтамасыз етуге ниетті.
   Қазіргі уақытта Қытайда жоғарыпротеинды сапалы қазақстандық бидайға сұраныс өсуде (қытай кеспесін өндіру үшін). Келешекте ҚХР-ның солтүстік-батыс бөлігінде сұраныстың одан әрі өсуі күтілуде.
   Министр С. Омаров Қазақстан аумағында зығыр өңдеу жобасына инвестиция салу мәселесін қарастыруды ұсынды. Бұл бағытта біздің республикамызда үлкен әлеует бар. Мысалы, өткен жылы 980 мың тоннадан астам зығыр экспортталды.
  Қазақстандық тарап сондай-ақ «COFCO» - мен бірлесіп, қазақстандық АӨК өнімдерінің жаңа өткізу нарықтарына шығуы үшін МҚҰ тартуға ұсыныс жасады.
  Сонымен қатар, «COFCO»  қазақстандық компаниялармен жоңышқа импорты бойынша келіссөздер жүргізуге дайын.
  Сондай-ақ, ҚХР-ға сапар барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі COFCO ДК төрағасымен және компания бөлімшелерінің басшыларымен кездеседі.

ҚР АШМ Қоғаммен байланыс жөніндегі департаменті
+7 (7172) 555-765, 555-947
Другие новости