Қазақстан және Өзбекстан Ауыл шаруашылығы министрлері екі жақты ынтымақтастықты дамыту Жол картасына қол қойды
19 қараша 2019
Қазақстан және Өзбекстан Ауыл шаруашылығы министрлері екі жақты ынтымақтастықты дамыту Жол картасына қол қойды
Қазақстан және Өзбекстан Республикаларының Ауыл шаруашылығы министрлері Сапархан Омаров пен Жамшид Ходжаев ауыл шаруашылығы саласында орташа мерзімді преспективаға ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі Жол картасына қол қойды. 

Нұр-Сұлтан қаласында жүргізілген келіссөздер аясында қол қойылған аталмыш құжат 2019-2024 жылдар арасында ауыл шаруашылығы саласындағы екі елдің ынтымақтастықты дамыту шараларын қарастырады. Оның ішінде ауыл шаруашылығы ғылымы, өндіріс, сертификаттау, сауда, цифрландыру, ветеринария және мал шаруашылығы, өсімдіктер карантині салаларындағы бірқатар бірлескен шараларды қамтиды.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері Ауыл шаруашылығы министрі Жамшид Ходжаев бастаған Өзбекстан делегациясымен кездесу өткізген болатын. Кездесу барысында қонақтарға Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін цифрландыру жобалары, ауыл шаруашылығы жерлерінің кадастры, электрондық астық қолхаттарының сервисі, электрондық субсидиялау және сақтандыру, сандық және спутниктік жер мониторингі енген QOLDAU сандық платформасының жұмысы, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешеннің Ахуалдық орталығының жұмыстары таныстырылды.

Платформада 85 млн гектар егістік пен жайылым цифрландырылған. Аталмыш жүйенің көмегімен 150 млрд теңгеден астам субсидия төленді, 38 млн тоннадан астам астық сатылымға шығарылған.

Жамшид Ходжаев саладағы жаңалықтарды жоғары бағалап, қазақстандық мамандардың қолдауымен Өзбекстанда осындай платформа құруды ұсынды.

Ағымдағы жылдың 9 айында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ауыл шаруашылығы шикізаты өңделген өнімдері мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы шамамен $770 млн. құрады.

Қазақстанның Өзбекстанға экспортының негізгі көлемі бидай мен меслинге, бидай-қара бидай ұнына, күнбағыс дәніне, қантқа, ірі қара малға, бидай қалдықтарына тиесілі.

Өзбекстан Қазақстанға негізінен шие, жүзім, өрік, қызанақ, шабдалы, құрма, көкөністерді экспорттайды.
ҚР АШМ Қоғаммен байланыс жөніндегі департаменті
+7 (7172) 555-765, 555-947
Другие новости