Ауыл шаруашылығы министрлігінде аграрлық ғылымды дамыту бойынша кеңейтілген кеңес өтті
26 қараша 2019
Ауыл шаруашылығы министрлігінде аграрлық ғылымды дамыту бойынша кеңейтілген кеңес өтті
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде Елбасының еңбек өнімділігін арттыру және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау бойынша стратегиялық міндеттері аясында «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының» жұмысы қаралды. Іс-шара ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың қатысуымен өтті.

Кеңеске ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ басшылығы мен ҰАҒБО қарасты аграрлық жоғарғы оқу орындары, ғылыми мекемелер, тәжірибелік станциялар мен шаруашылық жетекшілері қатысты.



Кездесу кезінде кадрлар дайындау, ауыл шаруашылығы мамандарын еңбекпен қамту, ғылыми зерттеулер жүргізіп, олардың нәтижелерін енгізу ісіне бизнестің атсалысуы секілді агроғылымның өзекті проблемалары талқыланды, сонымен қатар, ғылыми-зерттеу мекемелерін материалдық-техникалық жабдықтау, егіс алқаптарының тиімділігін арттыру, жерді игеру, бизнесті сапалы материалмен қамтамасыз ету мәселелері көтерілді. 

Сонымен қатар, жиын барысында ғалымдар кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жаңа зерттеулерге қатысуға тарту, зерттеулер нәтижелерін тәжірибеде қолдану мәселелерін талқылады. Ғылыми зерттеулер нәтижелерін коммерцияландырудың қиындықтары, отандық аграршылар еліміздегі ғылыми ұйымдармен бірлесіп селекциялық жұмыспен айналысудың орнына шетелдік тұқымдар мен асыл тұқымды малдарды сатып алатыны ашық айтылды.

Сапархан Омаров жиынды қорытындылай келе, аграрлық ғылымдағы айтылған көптеген мәселелерді шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі заңнамаға үлкен өзгерістер әзірлегенін атап өтті. Мысалы, 2019 жылғы 28 қазандағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заңда қолданыстағы қаржы құралдарын жетілдіру, жаңа қаржы құралдарын енгізу, бизнестің ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қоса қаржыландыруға арналған шығындарды субсидиялау, гранттық негізде ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқыған 3 жылдық тәжірибеден өту және т.б. мәселелер толығымен қамтылған. Сонымен қатар, аграрлық ғылымның мүдделері мен сұраныстарын қолдау нормалары қарастырылған жаңа заң жобасы дайындалып жатқандығы белгілі болды.

Аталған міндеттерді іске асыру бойынша ауыл шаруашылығы Министрі студенттерді өндіріс пен еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып практикалық-бағыттау арқылы оқытуға басымдық беруді күшейту; ғылыми-зерттеу университеті мен агроөнеркәсіп кешенінің алдыңғы қатарлы кәсіпорындарымен бірлесіп бағыттары мен мамандықтарын дайындау топтары бойынша тәлімгерлік жүйесін енгізу; кадрлар дайындауды цифрлық технологиялар, биоинформатика, молекулярлы биология, жануарлар мен өсімдіктерді биологиялық қорғау, нанотехнология, робототехника және т.б. секілді жоғары технологиялы ғылымды қажетсінетін мамандықтарға басымдық бере отырып қайта қарау;  ғылыми-зерттеу мекемелерінің лаборатория қызметкерінен бастап институт директорына дейінгі барлық мансаптық өсу баспалдақтары бойынша кадрлық резервін жасау; жас ғалымдар пулын жасау; оларды дамытудың жеке бағдарламаларын әзірлеу жөнінде және т.б. нақты нұсқаулар берді.

Сонымен қатар, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі қазақстандық ғылыми зерттеулердің толық тізімін жүргізуді және солардың маңызды және өзектілерін пайдалану міндетін қойды.

ҚР АШМ Қоғаммен байланыс жөніндегі департаменті
+7 (7172) 555-765, 555-947
Другие новости