ҚР АШМ: Қазақстанда сібір жарасы тарады деген ақпарат жалған
14 қаңтар 2020
ҚР АШМ: Қазақстанда сібір жарасы тарады деген ақпарат жалған
 
Ақмола облысы тұрғыны «сібір жарасын» жұқтырды және қауіпті ауру таралды деп қоғамда резонас тудырып, халық арасына үрей әкелген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы ҚР АШМ баспасөз қызметі хабарлайды.

ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Ақмола облыстық  департаментінің мәліметіне сәйкес, Ж. Есімді облыс тұрғыны «сібір жарасын» жұқтырды деген күдік расталған жоқ. Дәрігерлер азаматқа «жоғарғы қабат тілмесі, орташа ауырлықтағы эритематозды-буллез» деген диагнозын қойды.

Сонымен қатар, 2019 жылы ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті, аумақтық бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметтері эпизоотияға қарсы іс-шараларын  уақытылы жүргізген. 2019 жылы 35,4 млн вакцина бөлініп, Қазақстанда ауыл шаруашылығы жануарлары сібір жарасына қарсы 100%-ы егілді.

Ағымдағы жылы тиісті вакцинаның 36,4 млн дозасын сатып алу жоспарланған.

Ақмола облысындағы аталмыш факт бойынша ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті жүргізген зертханалық тексерулерінің нәтижесінде «сібір жарасының» қоздырғышы табылған жоқ. Осылайша, әлеуметтік желілерде дүрбелең тудырған ақпарат шындыққа жанаспайды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі - жалған ақпарат тарату заңмен қудаланатынын ескертеді.
 
ҚР АШМ Қоғаммен байланыс жөніндегі департаменті
+7 (7172) 555-765, 555-947
Другие новости